Пресс-релизы KZ

«Halyk Орманы» жобасы Қазақстан ормандарын қалпына келтіруге арналған серіктестік платформасы

30 қаңтар күні Алматы қаласында «Halyk Орманы» экологиялық жобасы аясында қазақстандық және халықаралық компаниялардың бизнес-кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

«Halyk Орманы» ауқымды экологиялық жобасы орман алқаптарын қалпына келтіруге, аумақтарды көгалдандыруға және Қазақстандағы тұрақты дамуды қолдауға бағытталған. Жоба Halyk қайырымдылық қоры мен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлесуімен іске асырылып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын жүзеге асыруға үлес қосады.

Бес жылдық бағдарлама аясында еліміздің негізгі табиғи аумақтарында шамамен 9 млн көшет отырғызу жоспарланған. Олардың қатарына Іле-Алатауы ұлттық паркі, «Семей орманы» резерваты және елорданың Жасыл белдеуі кіреді. 2025 жылы жобаны іске асыруға Қор 1 млрд теңге бөлді.

Жобаға еріктілер, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен спорт өкілдері, жастар және өңір тұрғындары тартылған. 2025 жылғы күзгі отырғызу маусымында Қордың өз қаражаты есебінен шамамен 850 мың көшет отырғызылды. Отырғызу жұмыстарына 1 500-ге жуық адам, оның ішінде белсенділер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Halyk Орманы» жобасы серіктестікке ашық платформа ретінде дамып келеді және кез келген компанияның Қазақстан ормандарын қалпына келтіруге үлес қоса алатынын көрсетеді. Halyk қайырымдылық қоры жобаның операторы және ұйымдастырушысы ретінде қаржыландыруды, үйлестіруді, отырғызу іс-шараларын өткізуді, сондай-ақ еріктілер мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды өз мойнына алады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі отырғызу жұмыстарын жүргізуге, кейінгі күтімге және есептілікке қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

Қатысу моделі ашықтық пен тиімділік қағидаттарына негізделген. Жеке компаниялардың қаражаты тек көшеттерді сатып алуға бағытталады, ал барлық ұйымдастыру жұмыстары Қор тарапынан атқарылады. Бұл бизнеске өлшенетін экологиялық нәтиже алуға және жобаны ESG-күн тәртібін іске асырудың практикалық құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

«Halyk Орманы» жобасына қазақстандық және халықаралық компаниялар қосылуда. Халықаралық фармацевтикалық AstraZeneca компаниясы көшет отырғызуға қаражат бөлу арқылы жобаға қатысуға дайын екенін білдірді. Бұл шешім бизнес-кездесу қорытындысы бойынша қабылданды. Серіктестерді тарту отырғызу көлемін арттыруға және қалпына келтірілген орман аумақтарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Halyk Орманы» жобасы ауқымын кеңейтіп, мемлекет, қайырымдылық ұйымдар және бизнестің тиімді өзара іс-қимылы деградацияланған жерлерді қалпына келтіруге, аумақтардың көміртекті тұрақтылығын арттыруға және биоалуантүрлілікті сақтауға нақты үлес қоса алатынын көрсетіп отыр.

Бұл тақырыпты Jasyl Astana қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша халықаралық практикалық конференциясында талқылауға болады. Іс-шара аясында спикерлер орман және деградацияланған аумақтарды қалпына келтіру, қалалар мен елорда маңындағы аймақтарда экопарктер құру, көгалдандырудың тұрақты үлгілері, мемлекет пен бизнестің әріптестігі, сондай-ақ ESG-бастамаларды практикалық іске асыру мәселелерін қарастырады. Конференция 9 сәуір күні XIII Халықаралық гүл өсіру және көгалдандыру көрмесі Flora Expo Astana 2026 аясында өтеді.

Қатысу құны: онлайн / көрмеге дейін — 5 000 теңге (FEA34WB2ART промокоды бойынша — тегін), көрме барысында / көрме кезінде — 10 000 теңге. Қатысу абаттандыру, көгалдандыру, ландшафттық архитектура, урбанистика, девелопмент және қоғамдық кеңістіктерді басқару салаларындағы мамандарға арналған.

Еске салайық, елордада және оған іргелес өңірлерде экопарктер құру мәселелері бұған дейін Астанада талқыланған.

Тэгтер: Қазақстан экологиясы, орманды қалпына келтіру, ESG жобалар, тұрақты даму, көгалдандыру, корпоративтік жауапкершілік, климаттық саясат, жасыл бастамалар, экологиялық жобалар, бизнес пен экология

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.