Пресс-релизы KZ

Астанада елорда мен іргелес өңірде экопарктер құру мәселесі талқыланды

Астанада елорда мен іргелес өңірде экопарктерді құру және дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген Бас жоспарына сәйкес қаланың жалпы аумағы 79,7 мың гектар болса, соның 42 мың гектары немесе жартысынан астамы көгалдандыруға арналған. Соңғы жылдары елордада жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіліп, саябақ кластерлері қалыптасып келеді.

Кеңеске Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының ірі қалалардың маңында экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Астананың Бас жоспарында бірқатар ұсыныстар әзірленген. Экопарктердің үш түрін қалыптастыру көзделіп отыр. Бірінші түрі — қала аумағындағы күнделікті рекреацияға арналған экопарктер. Оларға 30 минутқа дейін жетуге болады және жыл бойы пайдалануға мүмкіндік бар. Екінші түрі — елорда шекарасына жақын, қала маңында орналасатын демалыс күндеріне арналған парктер. Оларға жету уақыты 30–60 минутты құрайды, мұнда отбасылық демалыс аймақтары, визит-орталықтар және жалға берілетін тұрғын үйлер қарастырылады. Үшінші түрі — Ақмола облысының аумағында орналасатын, 60–90 минутта жетуге болатын және экотуризмді дамытуға бағытталған аумақтар.

«Астана қаласы шегіндегі күнделікті рекреацияға арналған экопарктер, ең алдымен, “Астананың жасыл белдеуі” аумақтарында дамытылады. Жасыл белдеу жобасы аясында қалыптасқан орман алқаптары жоғары экологиялық тұрақтылыққа ие және қазірдің өзінде табиғатты қорғау қызметін атқарып отыр. Бұл аумақтарды экосоқпақтар, серуендеу бағыттары және веложолдармен жабдықталған орман экопарктерін ұйымдастыру үшін пайдалану орынды. Сондай-ақ қалада Кіші Талдыкөл аумағында экопарк құру жоспарлануда. Жоба табиғи ландшафты сақтау мен қалалық рекреацияны дамытуға бағытталған. Жобаны іске асыру басталды: №5 учаске бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталу сатысында, кейін №7 учаске бойынша жұмыстар жүргізіледі», — деді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС бас директоры Руслан Жақыпов.
Демалыс күндеріне арналған парктер бойынша елорда аумағы мен Целиноград ауданының шекарасында, Майбалық көлі мен контрреттегіш арасында экопарк құру ұсынылып отыр.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала халқының саны өсіп, қала қарқынды дамып келе жатқан жағдайда тұрғындар мен қонақтар үшін қолжетімді әрі экологиялық таза демалыс аймақтарын құру маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын елордада шамамен 170 аула және қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 1 миллионға жуық жасыл желек отырғызылады. Ақмола облысымен бірлесіп, қала сыртындағы экопарктерді кеңейту және жаңадан құру бағытында жұмыс жалғасады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір туризмнің барлық дерлік түрін дамытуға қолайлы екенін айтты. «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, сондай-ақ Қорғалжын қорығының болуы демалыс пен туризмді, ең алдымен ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді. «Бурабай» курортына жыл сайын 1,5 миллионға дейін адам келеді, олардың шамамен 60 пайызы — Астана қаласының тұрғындары.

Мемлекет басшысының Астана маңында экопарктер құру және «Бурабай» курортына түсетін рекреациялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмасы аясында Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандарында және Қосшы қаласында экопарктерге арналған балама локациялар айқындалды. Өңірдің табиғи ресурстары экологиялық, спорттық және агротуризмді жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский өңірде қолданыстағы демалыс аймақтары негізінде экопарктер құруға жақсы мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Бұл аумақтар табиғат аясында серуендеу, пикник, спорттық және балалар алаңдары, экосоқпақтар, сондай-ақ іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктерді ұсынады. Сонымен қатар Целиноград және Аршалы аудандарында үш жаңа экопарк құру жоспарланып отыр.

Дереккөз: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі