Пресс-релизы KZ

Астанада жер ресурстарын тұрақты басқару мәселелері талқыланды

Астанада Дүниежүзілік топырақ күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Іс-шараны ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті мен БҰҰ ФАО ұйымдастырып, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының өкілдерін, сарапшыларды Қазақстан топырағының жағдайы мен жер пайдаланудағы өзекті мәселелерді талқылау үшін бір алаңға жинады.

Қатысушылар топырақ құнарлылығын кешенді бағалау және тұрақты жер пайдаланудың инновациялық тәсілдерін енгізу қажеттігін атап өтті. Урбанизацияның күшеюі мен климаттың өзгеруі жер ресурстарына түсетін жүктемені арттырып отырғаны ерекше назарға алынды.

Спикерлердің айтуынша, топырақ сапасы азық-түлік қауіпсіздігіне, аграрлық сектордың тұрақтылығына және экожүйелерді сақтауға тікелей әсер етеді. Халықаралық жобалар, агротехнологиялар, мелиорация және қалалық инфрақұрылым кеңейген жағдайда жерді ұтымды пайдалану мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.

Іс-шара мемлекеттік органдар, ғылыми орталықтар және бизнес арасындағы тәжірибе алмасу алаңына айналды. Топырақ ғылымын дамытуға үлес қосқан мамандарға ҚУЗР-дың Құрмет грамоталары табысталды.

Осындай кездесулер кәсіби диалогты нығайтып, ортақ шешімдер әзірлеуге ықпал етеді. Ал іс-шараларға қатысу мамандарға өзекті білімді уақтылы алып, заманауи тәсілдерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі